Samstag, 3. Dezember 2011

Google-да Cауатты Іздеу & Қазақша Веб-Аудармашы


Бұл тақырыпқа жазуға бүгін мені фейсбуктегі досымның бір посты итермеледі. Ол былай деп гуглға мұңын білдіріпті. "I had opened a website in Kazakh language then google asked me to translate a page into English saying that the page was in Bulgarian". Шынымен де, қазір көптеген браузерлерде(әсіресе Chrome-да) гуглдың веб-аудармашысы жұмыс істейді. Қазақша сайттарға кіргенде гуглдың әлгі аудармашысы өз қызметін қолданушыларға ұсына қалады. Сондағы қазақ әріптері гуглға кейде орыс, кейде болгар әріптері сияқты танылып қалады. Алайда бұл сайттағы мәтін қазақ тілінде екенін көрсетпейді!


Бұны көрген сауатты интернет қолданушыға екі түрлі ой келуі мүмкін. Бір жағынан гуглдың ақымақтығына күлкің келеді. Гугл, әрине ақымақ емес. Ол қазақша мәтіндегі әріптерді өзіне таныс тілдермен сәйкестендіреді. Веб-аудармашының тізімінде болмағаннан кейін, қазақ тілін қолданыстағы кириллицада болсын, бейресми, жүйелендірілмеген латыншада болсын танымайды(суреттегі мысалдарға қараңыз). Екінші жағынан, ғаламтор қолданушысында себебі не деген сұрақ туындауы мүмкін. Жауабын, менің жеке пікірім бойымша, төменде тізбелеп қойдым.

  • Гугл қазақ тілінде көп қолданылмайды. Бұл бір себеп болуы мүмкін. Бірақ екі-үш миллион халқы бар балтық елдерінің тілдері үшін веб-аудармашылар әлдеқашан шығарылып қойған. 
  • Гугл сияқты search engine-дерде қазақша ақпарат ізделінеді, Ол сөссіз. Бірақ ол қалай жүзеге асады? Мен байқаған көп қолданушылар, қазақша емін-еркін сөйлегенімен, гуглда іздеуге келгенде қазақ әліпбиін қолданбайды. Содан да олар қажетті нәтижеге жетпейді. Бұның салдарынан гуглдың статистикасында қазақ тіліндегі белсенділік аз боп шыға келеді. 
  • Ақыр-аяғында гуглдің аналитиктері мүшкіл статистикаға қарап, қазақша веб-аудармашысын жобалауға рационалдық негіздеме таппайды. 


Кінәнің бәрі неде? Ол біздің қазіргі қолданыста жүрген кириллицаға негізделген әліпбиімізді сауатты түрде қолданбауымыздан деген түйінге келдім. 



P.S. Компьютер пернетақтасындағы қазақша әріптердің жоқтығы және ыңғайсыздығы, әрине, тағы бар. Бірақ бұл басқа тақырып. Алдағы уақытта талқыға салынар.




1 Kommentar:

  1. АссаламуғалайҺим. Сізбен дос жаран болғым келеді. Мен Монголияда өмір сүретін Қазақ азаматы болам.

    AntwortenLöschen